Биыл Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл. Осы жылы да «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының ауған ардагерлері кәсіподақ комитетінің қолдауымен мәңгілік алау маңына жиылды. Өздерімен бірге жүрген замандастарына, кәсіпорында еңбек етіп, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан әріптес-ардагерлерінің рухтарына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік рәсімін өткізді.
Шара барысында комбинаттық ауған ардагерлері сөз сөйлеп, орталарынан ажыраған әскерлес жолдастарын еске алып, заманымызда ешқандай соғыс болмай, келер ұрпақ тыныштықта өмір сүрсін деген тілектерін жолдады. Бүгінгі күні қатары сиреп қалған ауған ардагерлерінің комбинатта он бес шақтысы бар.
– 15 ақпанда осы алаңға жиналу талай жылдардан дәстүрімізге айналған. Өндірісте жүріп, әскерге кетіп, ауған соғысына қатысқан жолдастарымыздың қатары жыл өткен сайын кемуде. Әулетімізбен бір-бірімізді құттықтап, дастархан басына да жиналатын едік. Өмірден ерте кеткен ардагерлеріміздің үйіне барып, ата-ана, бауырларына кіріп шығамыз, - деді Дөң тау-кен байыту комбинаты ауған соғысының ардагері Әділжан Кужбанов. – Ондағы мақсат – жақындарына ардагер достарының ұмытылмайтындығын көрсету, болашақ өсіп келе жатқан ұрпаққа Ауған соғысының тарихын айта отырып, бойларына патриоттық сезімді ұялату.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң, жиналған ардаргерлер тобы орталық механикалық жөндеу шеберханасында металл ісінің токарі болған Серікбай Тұрлыбаевтің сексеннен асқан анасын құттықтап барды. Комбинаттық жауынгерлер ардагердің анасына сыйлық пен гүл, ақшалай сыйлық табыстап, кейуананың алғыс батасына ие болды. Одан бөлек, аралары ажырамайтын ардагер достар өмірден озған Серікбай Қойбағарұлының жұмыс істеген цехында бүгінгі ұжыммен батыр рухына құрмет көрсетіп, ескерткіш тақтасының маңына жиналған болатын.
Сонау ауған жерінде қару асынып, сын сағаттарда ерлік көрсеткен бауырмал ауған қаһармандарынан қалған он бес шақты сарбаз бүгінгі таңда өндірістің ортасында жүр.
Арайлым Ғани