«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты биыл екінші жыл қатарынан медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап барды. Ақ халатты абзал жандардың екінші жыл қатарынан сын сағатта 24/7 режимінде жұмыс істеп жатқандарын шахтерлер мен металлургтер жақсы түсінеді. Себебі, ыстық пештер мен жерасты тірлігінде де тоқтау жоқ. Сол себепті жүктелген міндетті орындап, уақытында әрекет етіп, алғашқы көмек көрсететін медицина қызметкерлеріне кеншілер тарапынан тағы да «алғыс сөздер» жолданды. 

Өткен көктемде басталып, әлі де жалғасып келе жатқан қиын сәтте қазхромдықтар қашан да көмекке әзір екендіктерін көрсетіп келеді. Адами қолдауды жылы сөзбен және іс-әрекетпен көрсетіп жүр. Айтар болсақ, еріктілер қиын шақтың дәл ортасында болғандарға, оның ішінде дәрігерлер мен бақылау-өткізу пункттеріндегі полиция қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізіп, жеміс себеттері және гүл шоқтарымен құрмет көрсеткен болатын. Компания неғұрлым зор көмек қажет болса, әр кез жауап беруге дайын. Былтырғы жылдан бастап Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан Ақтөбе ауруханаларына оттегі баллондарын жіберуді жалғастырса, Хромтау қаласындағы «Евразия» медициналық орталығы үшін оттегі концентраторлары сатып алынды.

Ал осы жылы медицина қызметкерлері күні қарсаңында «Қазхромның» үш филиалында «Біздің өмір – сіздің қолыңызда» атты символикалық акциясы өтті. Медицина қызметкерлерінің тәулік бойғы жұмыстарын жеңілдету, үйдегі жайлылықты сезіну және дәмді кофемен сергіту үшін қазхромдықтар медициналық қызметкерлердің демалыс бөлмелеріне кофе машиналарын, символикалық жазулары бар саптыаяқтар жиынтығын сыйға тартып, тәттілер үлестірді. Дәрігерлерге табысталған бағалы сыйлықтар олардың ыңғайлы жұмыс істеулері үшін арналған.

– Сіздерді бүгінгі мерекеліріңізбен құттықтай отырып, қызметтіріңізге рақметімізді айтамыз. Ауданымызда халықтың денсаулығын қорғауда талмай еңбек етіп, алдағы уақытта да өздеріңізге жүктелген аса жауапты да қиын міндетті абыроймен атқарып, алғыс пен құрметке бөленіп жүре беріңіздер, — деп кәсіподақ комитеті төрайымының орынбасары Жарас Бесенов мереке иелерін құттықтады.

Дөң тау-кен байыту комбинаты «Евразия» медициналық орталығынан бөлек, аудандық орталық аурухананың қызметкерлерін де құттықтады. Комбинаттың кәсіподақ комитеті атынан провизорлық орталыққа, жедел жәрдем бөлмесі мен бөлімшелер үшін бес диспенсер, ал санитарлық-эпидемиологиялық станцияға – қысқатолқынды пеш және дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған шағын тоңазытқыш сыйға тартылды.

Сондай-ақ, комбинаттың жастары мен еріктілері де мерекелік шарадан қалыс қалмай, кәсіподақ ұйымымен бірге құттықтап барды.

Медицина қызметкерлерін құттықтау «Қазхромның» өзге де филилдарын да бір уақытта жүргізіліп, адам өмірін сақтауда аянбай еңбек ететін абзал жандардың мерекесін одан әрі нұрландыра түсті.

Арайлым Ғани

Алексей Пименовтың фотосуреттері

Comments are disabled.