Ақтөбеде еңбекті қорғау күні аясында қауіпсіздік шарасы өтті

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызметкерлердің балаларына пайдалы іс-шара ұйымдастырылды. Кішкентай қонақтар еліміздің төтенше қызмет нөмірлері жазылған брелоктар жасау шеберлік сабағына қатысты. Аталған шара 30 шақты баланы қамтыды. Мұндағы басты мақсат – олардың күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық негіздерін қалыптастыру.

 Сабақ барысында қатысушылар өз қолдарымен көрнекті әрі пайдалы бұйымдар жасап қана қоймай, үйде, көшеде және мектептегі қауіпсіздіктің қарапайым ережелерімен танысты.

Іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты мамандықтар – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, полицейлердің қызметін таныстыруға ерекше көңіл бөлінді. Ойын түрінде әрі түсінікті форматта балалар еңбекті қорғау ережелерін сақтаудың маңызын және оның денсаулық пен өмірді қорғауға қалай көмектесетінін білді.

— Біз бұл шеберлік сабағын балаларға шығармашылық арқылы қауіпсіздіктің маңызды негіздерін жеткізу үшін өткіземіз. Біз тіпті қарапайым білімнің өзі денсаулық пен өмірді сақтай алатынын, ал дәрігер, құтқарушы, полицей мамандықтары қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін түсіндіреміз. Балалық шақтан бастап ережелерді сақтаудың не үшін маңызды екені туралы түсінік қалыптасады, – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподағының мәдени ұйымдастырушысы Айнаш Имекешева.

Бұл шеберлік сабағы шығармашылық қабілеттерді дамытуға ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік туралы білімді қызықты әрі есте қаларлық етіп бекітуге де ықпал етеді.

– Балаларға шара ұнады. Расымен де, қауіпсіздік ұғымын оларға осындай форматта жеткізген анағұрлым түсінікті екен. Кеше өзім де көріп таңғалдым. Ұлым полицияның, жедел жәрдемнің және газ қызметінің нөмірлерін біліп отыр. Оның жасы 9-да. Мен әрдайым балаларға түрлі жағдайларда не істеу керегін түсіндіремін. Бірдеңе болса, алдымен маған хабарлассын, ал қажет болса – 112 құтқару қызметіне қоңырау шалсын дегенді жиі еске саламын. Өзім зауытта бес жылдан бері жұмыс істеймін, жыл сайын балаларға арналған корпоративтік шаралардан қалмауға тырысамын. Мысалы, екі жыл бұрын қызым жаңа жылдағы ағашқа сурет салу сабағына қатысқан еді, – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сынақ-химиялық зертханасының зертханашысы  Бибігүл Суенгарина.

Ақтөбедегі қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бекетіндегі зауыт қызметкерлері мен оларлың отбасылары қатысқан  «Отбасы үшін өрт қауіпсіздігі шарасы» да қауіпсіздікке негізделген.

Жалпы, Дүниежүзілік еңбекті қорғау айлығында зауытта біршама көлемді шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде балаларға да арналған кездесулер бар. Өткен апталарда қаладағы мектеп оқушылары Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қонақта болды. Олар №1,2,4 балқыту цехтарының жұмыстарымен танысып, металлургия процесін қызықтады. Еңбекті қорғау бөлімінің мамандары оларға кәсіпорынның жұмысын, мұндағы «қауіпсіздік» пен өмірдегі сақтық шараларын байланыстыра отырып, өмірге азық болар ережелерден мысал келтірді.

Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *